г.Павлодар, АСТАНА, 12
info@lizey8.kz
8(7182)53-47-14
@lyceum.8
IJSO-2025. 9-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ ДАНИИЛ ПЕРЕПЕЛИЦА КҮМĺC МЕДАЛЬ

 

23 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Ресейдің Сочи қаласында жас зерттеушілерді бір арнаға тоғыстырған халықаралық беделді дода – IJSO-2025 өтті. Осы зияткерлік сайыста еліміздің намысын қорғаған дарынды балаларға арналған № 8 лицейдің 9-сынып оқушысы Даниил Перепелица күміс медаль жеңіп алып, Қазақстанның атын биікке көтерді.

Биылғы олимпиадаға 50-ден астам елден 300-ге жуық қатысушы жиналып, физика, химия және биология пәндері бойынша білімдерін сынға салды. Қазақстан құрамасы алты жас ғалымнан жасақталып, олардың қатарында Даниил де өз білімін лайықты деңгейде дәлелдеді.

Озық ойлы жас дарын олимпиада қорытындысы бойынша күміс медаль мен I дәрежелі диплом иегері атанды. Бұл — оның табандылығының, қажырлы еңбегінің және айналасындағы адамдардың қолдауының айқын нәтижесі.

Даниил өз әсерімен бөлісе отырып:
«Турлар өте күрделі болды. Әр тапсырма бірнеше пәнді біріктіріп, терең ойлануды талап етті. Бірақ, “Сириус” орталығының ерекше атмосферасы маған сенім берді. Мұнда жаңа достар тауып, бұрын білмеген көп дүниені үйрендім», — деп атап өтті.

Олимпиадаға дайындық барысында Даниилге бағыт-бағдар беріп, білімін тереңдетуге ықпал еткен ұстаздарының еңбегі ерекше. Физикадан Билида А.Н., химиядан Колдашева О.В., биологиядан Синицына И.Ю. жас дарынға ғылыми көзқарас қалыптастырып, олимпиадалық деңгейдегі күрделі тапсырмаларды меңгеруге жол ашты. Ұстаздарының жанашырлығы мен кәсіби қолдауы, сондай-ақ отбасылық демеу — осы үлкен жетістіктің маңызды тірегі болды.

IJSO — дүниежүзіндегі жасөспірімдердің ғылыми талпынысын қолдап, олардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған беделді олимпиада. Ол жас буынның теориялық білімін ғана емес, аналитикалық ойлауын, тәжірибелік шеберлігін және ғылымға деген қызығушылығын арттыра түседі.

Даниил Перепелицаның халықаралық аренада қол жеткізген жарқын жеңісі — еліміздегі дарынды жастардың әлеуетін көрсетер маңызды оқиға.

Послание Президента
Государственные символы