Рухани кешке құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар және ата-аналар қатысып, Абай мұрасынан тағылым алды. Кештің басты ерекшелігі – этно-кафе форматында ұйымдастырылған әдеби мәзір болды. Қонақтар Абай шығармашылығын өлеңдер, қара сөздер, әндер мен сахналық қойылымдар арқылы танып, рухани әлемге саяхат жасады.
Оқушылар ұлы ақынның терең мағыналы өлеңдерін мәнерлеп оқып, қара сөздерінен тағылымды ой өрбітті. Әдеби кештің әсерлі сәттерінің бірі – Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» әндерінің караоке форматында орындалуы болды. Ән орындаушыларымен бірге көрермендер, ұстаздар мен ата-аналар қосылып айтып, зал ерекше рухани атмосфераға бөленді. Бұл әсерлі сәт көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.
Көрермендерге ерекше әсер сыйлаған сахналық қойылымдар қатарында «Жер дауы – ел дауы» қойылымы мен «Абай жолы» романындағы «Шытырманда» тарауынан ұсынылған көрініс болды. Сонымен қатар кештің қадірлі қонақтары – Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртістері арнайы қатысып, тағылымды қойылым ұсынып, ізгі тілектерімен бөлісті. Театр өнерпаздарының сахналық шеберлігі әдеби кештің мазмұнын байытып, ұлттық өнердің құдіретін айқын көрсетті.
Әдеби кешке Абай облысы Мәдениет саласының үздігі, мемлекеттік «Құрмет» орденінің иегері, Бөрілі Мұхтар Әуезов музей-үйінің меңгерушісі Шағжан Бекенұлы Исабаев арнайы қатысып, Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған көрме ұйымдастырды. Көрме арқылы оқушылар мен ата-аналар қазақ әдебиеті мен руханиятының терең тарихымен танысты.
Лицейде Абай мұрасын насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Орыс тілінде білім алатын 9–11 сынып оқушыларына арналған «Абайтану» факультативтік курсы енгізілсе, мемлекеттік тілде оқытылатын сыныптарда «Ұлы дала даналығы» атты үйірме жұмыс істейді. Үйірме жетекшісі – Павлодар облысы білім беру басқармасының «Білім беруді дамытудың инновациялық орталығының» әдіскері Гульдана Казболатовна Темиржанова. Бұл жұмыстардың барлығы «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын жүзеге асырып, жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие мен рухани адамгершілік қасиеттерді сіңіруге бағытталған.
«Абай әлемі» әдеби кеші ұлттық рухты дәріптеген, тағылымы мол, мазмұнды рухани кеш ретінде көпшілік көңілінен шықты.