
Павлодар тұрғындары жылдар бойы кездейсоқ пайда болған құмды қайраң деп келген нысан шын мәнінде табиғаттың күші мен адам ықпалы тоғысқан Ертістің нағыз жұмбағы болып шықты.
№8 лицейдің 9 «Б» сынып оқушысы Дитц Ратмир география пәнінің мұғалімі Кожокар Виталий Александровичтің жетекшілігімен зерттеу жүргізіп, орталық жағажайға қарама-қарсы орналасқан аралға мүлде жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Бұл — Павлодардағы ең танымал, бірақ әлі күнге дейін аз зерттелген нысандардың бірі.
Көпшілік бұл арал 1975 жылы Сәтбаев атындағы каналға судың көп мөлшерде алынуы салдарынан пайда болды деп есептеп келген. Алайда хронологиялық фотосуреттерді зерттеу күтпеген нәтижені көрсетті: 1980 жылдардың ортасына дейін арал анық көрінбеген. Оның белсенді қалыптасуы кейінірек — Ертіс өзеніндегі жағдайға Шүлбі су электр станциясының іске қосылуы мен өзен арнасынан құмның жаппай алынуы әсер еткен кезеңде басталған. Бұл өзеннің су режимін өзгертіп, жылдық ең жоғары су деңгейінің төмендеуіне әкелді.
Бірақ басты интрига мұнда ғана емес: арал — адамның араласуының ғана салдары емес. Бұл — ұлы өзеннің табиғи тіршілігінің де нәтижесі. Алдымен құрғап қалатын қайраң пайда болды, кейін оған өсімдіктер өсе бастады. Өсімдіктер ағысты баяулатып, құмды, лайды, бұтақтарды ұстап қалып отырды. Осылайша Ертіс біртіндеп аралды өзі «сомдап», оған ағысқа қарсы бағытталған тамшыға ұқсас ерекше пішін берді.
Бүгінде бұл арал Павлодардың жаңа визит карточкасына айналуы әбден мүмкін. Зерттеуде оны абаттандыру идеялары қарастырылған: жаяу жүргіншілер өткелін салу, жарықтандыру жүйесін орнату, өсімдіктерді ретке келтіру, жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру. Болашақта аралды жағалаудың «жасыл жүрегіне» айналдыру көзделіп отыр.
Ратмирдің жұмысы жас зерттеушінің туған қаласын жаңаша танытып, үйреншікті қалалық көріністің өзінде үлкен ғылыми әңгімеге арқау болатын құпиялар бар екенін дәлелдейтін жарқын мысал болды.
Павлодардағы арал енді жұмбақ емес. Енді ол — табиғат пен тарихтың қаланың болашағын бірге қалыптастыратынының символы.