Білім беру сапасын арттыру: жетістіктер мен бастамалар
2024 жылы Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі Білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің жаңа моделін бекітті. Ал Ұлттық баяндама аясында нысаналы мектептермен жеке жұмыс жүргізуге, педагогтарды оқытуды күшейтуге баса назар аударылды.
Қазақстандық оқушылар 2024 жылы 12 халықаралық олимпиадада 361 медаль жеңіп алды, оның ішінде: 41 алтын, 134 күміс және 186 қола. Сондай-ақ оқушылар Сингапур, Қытай және АҚШ-тағы роботты техника бойынша халықаралық чемпионаттарда ерекше жетістікке жетті. Лос-Анджелестегі Дүниежүзілік ғылыми және инженерлік көрмеде, Өзбекстандағы Авиценна атындағы Халықаралық математикалық олимпиадада және биология олимпиадасында, Грузиядағы қыздарға арналған халықаралық математикалық олимпиадада, Қытайдағы химия бойынша Халықаралық Менделеев олимпиадасында 100% нәтиже көрсетті. Еліміздің оқушылары Балқан түбегінің ең мықты жас математиктерінің үштігіне енді.
Оқушылардың осындай жоғары нәтижелері биылғы шілде айында биология бойынша әлемдегі ең беделді олимпиаданы Қазақстанда өткізуге ықпал етті. IBO тарихында алғаш рет елордамызда ең көп қатысушы елдер бас қосты. Бұл – 81 елден келген 300 жас биолог. Еліміздің құрамасы қазақстандық білім берудің жоғары халықаралық имиджін тағы да растап, 100% медальдық есеп көрсетті.